ШҚО мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы бір жылда 500 млн АҚШ долларынан асқан

ШҚО мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы бір жылда 500 млн АҚШ долларынан асқан

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Құдайберген Базарбаевпен кездесті. Соның барысында екіжақты әріптестікті, аймақаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

«Бауырлас елдеріміздің арасында тығыз қарым-қатынас орнап, өзара байланыс күшейіп келеді. Оның ішінде Шығыс Қазақстан үшін Қырғыз елі сауда-саттық, өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм сынды салалар үшін маңызды серіктес. Әріптестікті одан сайын күшейте түсуге әзірміз», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Құдайберген Базарбаев өз сөзінде аймақтың туристік әлеуетімен танысу үшін Марқакөл мен Катонқарағай аудандарында болып, табиғатына тамсанып қайтқанын жеткізді. Сондай-ақ өңірге Қырғызстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қатысты ұсыныстарын айтты.

Айта кетейік, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Қырғыз Республикасы арасындағы тауар айналымы 534 213 мың АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға өскен. Оның ішінде экспорт көлемі - 360 млн АҚШ долларынан асса, ал импорт көлемі - 170 млн АҚШ долларына жуықтап отыр.