
Ресей Федерациясының Алтай өлкесіндегі Барнаул қаласында Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің жанындағы Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Бұл – қазақ диаспорасына арналған алаң, ол ана тілін, дәстүрлер мен тарихи жадты сақтауға ықпал етеді.
Бүгінде Алтай өлкесінде 10 мыңнан астам қазақ тұрады, оның мыңға жуығы Барнаулда өмір сүреді. Көпшілік үшін орталық туған тілде еркін араласатын, бас қосатын маңызды орынға айналған. Орталықты Мұрат Бекмұратов басқарады. Оның айтуынша, басты мақсат – тек тіл үйрету емес, халықтың мәдени кодын насихаттау. Мұнда көне салт-дәстүрлердің мәні түсіндіріледі: балаға ат қою, бесікке салу, тұсаукесер рәсімдері. Орталықта домбыра үні естіліп, халық әндері орындалады, әдеби кездесулер мен балалар мен ересектерге арналған тақырыптық сабақтар өтеді.
Барнаулға жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақ тілі мен мәдениеті орталығына барып, оның қызметімен танысты.
«Ұлттық бірегейлікті сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін ұжымға алғыс білдіремін. Орталықтык жұмысы жандана берсін», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы орталыққа естелік сыйлықтар табыстады.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар мәдени байланыстарды нығайтып, елден тыс жерде қазақ халқының рухани мұрасын сақтауға ықпал етеді.