ШҚО ормандарына бір жылда 16 млн-ға жуық көшет отырғызылды

ШҚО ормандарына бір жылда 16 млн-ға жуық көшет отырғызылды

Бүгін облыс әкімдігінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясын жүзеге асыру бойынша жиналыс өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2025 жылы аумақтарды тазалауға және халықтың экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды.

Оған 150 мыңнан астам адам қатысып, 1600 гектарға жуық аумақ тазартылып, 3,8 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Өңірлік жоспар аясында 138 мың ағаш, ал орман қоры аумағында 15,9 млн көшет отырғызылды.

«Өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге ерекше көңіл бөлінген. Балабақшалар мен мектептерде іске асырылған жобаларға, байқауларға, форумдар мен сынып сағаттарына 33 мыңнан астам оқушы қатысты. Сенбіліктерге, көгалдандыруға және экологиялық акцияларға 3 мыңнан астам ерікті тартылды», - дейді басқарма басшысы Арман Есентаев.

2026 жылы «Мектеп жасына дейінгі балаларды экологиялық тәрбиелеу және оқыту» бағдарламасы бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру, «Жасыл мектеп» жобасын енгізу, экологиялық роликтер мен фильмдер шығару, «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» конкурстарын өткізу жоспарланған.

@TazaQazBot платформасы арқылы бір жылдың ішінде тұрғындардан қоқыс шығаруға, жол жөндеуге, аумақты тазалауға қатысты 400-ден астам өтініш келіп түскен. Барлық өтініш бойынша тиісті шаралар уақтылы қабылданған.

Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде облыстың тазалығын сақтап, жұртты табиғатты қорғауға шақыруға бағытталған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы бір жылдық науқан емес, азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақтың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс болуы тиіс. Облысымыздың бай табиғаты, жерінің құнарлығы көгалдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуге мол мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.