
Ресейдің Алтай өлкесіндегі мемлекеттік педагогикалық университет жанында Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы бар. Оның басшысы - Мұрат Бекмұратов.
«Орталық осыдан 15 жыл бұрын ашылған. Мақсатымыз - қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау. Мәселен, балаға ат қою, бесікке бөлеу, тұсау кесу сынды салттарымыздың мән-мағынасын, маңызын түсіндіреміз. Домбыра шертіп, ән айтып, кітап оқимыз», - дейді ол.
Қазір Алтай өлкесінде 10 мыңнан астам қазақ бар. Барнаул қаласының өзіндегі қазақтар саны - 1 мыңға жуықтайды. Олар ана тілдерін ұмытып қалмау үшін Қазақ тілі мен мәдениеті орталығына жиі келіп тұрады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Барнаулға жасаған жұмыс сапары кезінде осы орталыққа арнайы барып, жұмысымен танысты. Ризашылығын білдірген аймақ басшысы сәттілік тілеп, сыйлықтар табыстады.