Өскеменде жол айрығының құрлысына байланысты көлік қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі

Өскеменде жол айрығының құрлысына байланысты көлік қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі

21 ақпаннан бастап Сәтбаев, Есенберлин даңғылдары мен Жібек жолы, Базовая көшелерінің қиылысында айналма жол іске қосылады.

Бұл жол айрығы құрылысының басталуына байланысты туындаған уақытша өзгеріс. Жобаға сәйкес, мұнда екінші деңгейлі жол болады. Ол Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарын байланыстырады.

Айналмалы қозғалыс енгізілгеннен кейін құрылысшылар болашақ жол айрығының екінші деңгейін ұстап тұратын тіректерді орната бастайды. Барлығы 15 тірек болмақ.

Жүргізушілерден орнатылған жол белгілері талаптарын сақтау сұралады. Соған сәйкес, айналма жол ішінде сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүру керек. Көлік қозғалысын ыңғайлы ету үшін қосымша оң жақ бұрылыстар жасалған. Таңертең және кешке көлік ағыны көп болған кезде Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарында бағдаршам қосылады.

Полиция қызметкерлері сол жерде бақылау және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қателік жіберген жүргізушілерге бірден айыппұл салынбай, әзірге ескерту жасалады.

Енгізіліп отырған өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол айрығы құрылысының сапалы әрі уақтылы аяқталуына жағдай жасауға бағытталған.