
Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры тарихында алғаш рет I театрішілік SHYGYS САХНА FEST фестивалі ұйымдастырылды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Мәдениет басқармасы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы, Лаззат Жұмашева мәлімдеді.
Театр құрамындағы төрт шығармашылық труппа — қазақ, орыс, жас көрермен және оперетта бағыттарының өкілдері — бір сахнада бас қосып, өзара тәжірибе алмасады. Әр труппаның өзіндік көркемдік мектебі мен сахналық ерекшелігі бар.
Фестиваль — жай ғана спектакльдер байқауы емес. Бұл — ішкі кәсіби өсуге, қойылымдарды сараптауға және театрдың стратегиялық дамуына бағытталған маңызды алаң. Арнайы шақырылған театртанушылар мен сыншылар тәуелсіз баға беріп, 14 номинация бойынша үздіктерді анықтайды.
Жоба шығармашылық ізденістерге жол ашып, өңірдің мәдени өмірін жандандыруға серпін бермек.
Фестиваль 19-23 ақпан аралығында өтеді.