
Өскемендегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің спорт залында көркем гимнастикадан ҚР чемпионатының салтанатты ашылу салтанаты өтті.
Жарысқа Ұлттық құраманың резервін құрайтын 2014–2016 жылы туған (1-ші разряд) жас гимнастар қатысуда.
Ауқымды спорттық шараға жеке бағдарлама бойынша 81 қатысушы және топтық жаттығулар бойынша 28 команда жиналды. Чемпионатқа қатысушылар елдің 13 өңірінен келді: Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары.
Бұл чемпионат – Қазақстандағы көркем гимнастиканы дамытудың негізгі кезеңі. Ол болашақта халықаралық аренада ел намысын қорғайтын гимнастарды анықтауға мүмкіндік береді.