Екіжақты серіктестік: ШҚО мен Алтай өлкесі арасындағы келісімдер хаттамасына қол қойылды

Екіжақты серіктестік: ШҚО мен Алтай өлкесі арасындағы келісімдер хаттамасына қол қойылды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация мүшелері Ресейдің Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенкомен және Үкімет мүшелерімен кездесті.

Соның барысында әріптестікті одан сайын күшейтіп, ортақ жобаларды қолға алу жайы сөз етілді.

«Ең әуелі жылы қабылдап, қонақжайлық танытып жатқандарыңызға алғысымды білдіремін. Біздің өлкелерімізді тек шекара ғана емес, ортақ тарих пен мәдени, экономикалық әріптестік байланыстырады. Екіжақты әріптестігіміз оң қарқынмен дамып келеді. Шығыс Қазақстан конструктивті диалог орнатып, ынтымақтастықты кеңейтуге әркез ашық», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Одан соң Шығыс Қазақстанның бірқатар басқарма басшылары баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды, алдағы жоспарлар мен мүмкіндіктерді айтты. Алтай өлкесі Үкіметінің мүшелері де экономикалық және мәдени әлеуетін таныстырып, өзара байланысты тереңдете түсудің нақты қадамдарын талқылады.

Кездесу соңында ШҚО әкімі мен Алтай өлкесінің губернаторы келісімдер хаттамасына қол қойды. Онда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, спорт, білім сынды салалардағы әріптестікті күшейту бағыттары жайлы жазылды.