
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп өңірдің ірі сауда орындарында — «Maxi Mall» СОО, «ADK River» СОО және «Altay» көтерме-бөлшек сауда кешенінде және басқа да нысандарда көшпелі түсіндіру іс-шараларын өткізді.
Кездесулердің мақсаты — кәсіпкерлерді Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің өтпелі ережелерімен және арнаулы салық режимін таңдау тәртібімен таныстыру.
Іс-шараларға қалалық мәслихат депутаты Михаил Байтеряков, қоғамдық көшбасшы, ШҚО Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы әрі блогер Елена Абилова-Березинская, қоғамдық көшбасшы Роман Миженин, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, оның ішінде «Қазақстан» РТРК» АҚ ШҚО филиалы және «Altai» телеарнасы қатысты.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес үш арнаулы салық режимі көзделген: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін; оңайлатылған декларация негізінде; шаруа және фермер қожалықтары үшін.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдануды жоспарлап отырған салық төлеушілер 2026 жылғы 28 ақпаннан кешіктірмей қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы тиіс.
Хабарлама ұсынылмаған жағдайда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне автоматты түрде ауыстыру жүргізіледі.
Хабарламаны Салық төлеушінің кабинеті арқылы, «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы, орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімі арқылы ұсынуға болады.
ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді жалпыға бірдей белгіленген режимге автоматты түрде ауыстырылудың алдын алу үшін хабарламаны уақытылы ұсынуға шақырады.