
Шығыс Қазақстан облысында жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Негізгі қадам – өңірлік «Data lake» деректер көлі платформасын қалыптастыру.
Бүгінде облыстық басқармалардың цифрлық деректер реестрлері жасақталып, 2025 жылы білім беру, мобилизация, қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және туризм салалары бойынша 64 цифрлық реестр мен 96 автоматты есеп іске қосылды. Бұл басқару шешімдерін нақты әрі жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Барлық дерек облыс әкімінің Ахуалдық орталығына жинақталып, бірыңғай аналитикалық платформада өңделеді. Жобаға 2000-нан астам маман тартылған. 2025 жылғы 29 қыркүйектегі №246 қаулыға сәйкес «Ақпараттық технологиялар орталығы» базасында Өңірлік аналитикалық орталық құрылып, мониторинг пен талдаудың бірыңғай жүйесі қалыптасты.
Іске асырылып жатқан жобалар да ауқымды. Мердігерлік жұмыстарды басқару жүйесі арқылы қоқыс шығару, жол жөндеу, қар тазалау процестері цифрландырылып, 52 арнайы техника GPS арқылы бақылануда. 50 қоқыс алаңы QR-кодпен таңбаланған. Бұл бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Жылу көздерін мониторингтеу жобасы аясында 23 нысанға датчиктер орнатылып, температура, қысым және отын қоры секілді көрсеткіштер онлайн бақыланады. Ауытқулар анықталса, ЖИ-ассистент автоматты түрде хабарлама жібереді.
Қауіпсіздік саласында 6000-нан астам бейнекамера, оның ішінде 300 видеоаналитикасы бар камера жұмыс істейді. ЖИ технологиялары бет-әлпетті және көлік құралдарын тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 25 автоматтандырылған IoT посты арқылы ауа сапасы 13 параметр бойынша тәулік бойы өлшенеді.
Білім беру бағытында бірыңғай цифрлық кітапхана құрылып, сирек қорлар мен архивтік материалдар цифрландырылуда.