
Шығыс Қазақстан облысында жас құқық қорғаушылардың қатары жаңа есімдермен толықты. Катон-Қарағай ауданындағы Е. Рыков атындағы орта мектеп негізінде «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл аудандағы бесінші полицейлер сыныбы, енді мамандандырылған бағдарлама бойынша білім алатын жас сақшылардың жалпы саны 67 адамға жетті.
17 бесінші сынып оқушысынан құралған жаңа сынып 1994 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Катон-Қарағай аудандық ІІБ қызметкері Баженов Мейірхан Тоқтарұлының есімін мақтанышпен иеленді.
Іс-шара ұрпақтар сабақтастығы рухында өтті. Батырды еске алып, жастарға ақ батасын беру үшін ШҚО Полиция департаментінің басшылығы, аудандық әкімдік өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен Ауған соғысының қатысушылары, сондай-ақ Мейірхан Баженовтың туған-туыстары қатысты.
Салтанатты жиын Мемлекеттік әнұранды орындаумен басталып, жас сақшылар қонақтарға өздерінің алғашқы саптық дайындықтары мен музыкалық нөмірлерін паш етті. Мерекенің ең маңызды сәті — ант қабылдау рәсімі болды: полиция үлгісіндегі арнайы киім киген жас сақшылар өздерінің алғашқы куәліктерін алды.
«Жас сақшы» сыныбында оқу кәдімгі мектеп бағдарламасымен шектелмейді. Оқушылар үшін арнайы жабдықтармен және стендтермен жарақтандырылған кабинет дайындалып, оқу жоспарына құқық қорғау қызметі мен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша факультативтер енгізілді. Оқу процесіне қазіргі полиция қызметкерлері мен бейінді мамандарды белсенді түрде тарту жоспарлануда.
Мұндай бастама тек патриоттық тәрбие беруді ғана емес, сонымен қатар балалардың ел игілігі үшін болашақ қызметін саналы түрде таңдауына көмектесетін ерте кәсіби бағдар беруді де көздейді.