
14 ақпанда Өскеменде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған жеңіл атлетикадан ХІ халықаралық турнир басталады.
World Athletics Indoor Tour (Silver Level) күнтізбесіне енген бұл мәртебелі жарыс Қ.Сәтбаев даңғылы, 82/2 мекенжайында орналасқан жеңіл атлетика орталығында өтеді. Салтанатты ашылу рәсімі сағат 16:30-ға жоспарланған.
Турнир бағдарламасы өте ауқымды: спортшылар 20 жекелей сында және 2 эстафетада бақ сынайды. Кәсіби атлеттермен қатар, жас таланттар (2013–2014 ж.т.) мен зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да жолға шығады. Халықаралық доданың жалпы жүлде қоры 36 000 АҚШ долларын құрайды.
Ольга Рыпакова атындағы турнир еліміздің халықаралық спорттық имиджін нығайтып, жеңіл атлетика жұлдыздары мен жас спортшылардың басын қосатын өңірдің визиттік картасына айналды.