Жаңғыртудан кейін Өскемен ЖЭО-ның жылу және электр қуаты артады

Жаңғыртудан кейін Өскемен ЖЭО-ның жылу және электр қуаты артады

Өскемен ЖЭО-да жаңа қазандық агрегаты мен турбинаны орнатуды көздейтін кеңейту жобасын іске асыру басталды.

Жоба 2029 жылға дейін есептелген және станцияның жылу қуатын 130 Гкал/сағ дейін, ал электр қуатын 100 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жылу қуатының тапшылығын төмендетуге және өңірді тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған.

«Өскемен ЖЭО» мәліметіне сүйенсек, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобы энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге және өңірлердің экономикалық және экологиялық дамуын қолдауға бағытталған орнықты даму стратегиясын дәйекті түрде іске асыруда. Осы стратегия аясында «Өскемен ЖЭО» ЖШС Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылатын ауқымды кеңейту жобасын іске асыру басталды.

Жобаны қаржыландыру Еуразиялық даму банкі халықаралық қаржы ұйымымен және «Еуразиялық банк» АҚ екінші деңгейдегі банкімен жасалған келісімдер шеңберінде қамтамасыз етіледі.

«Өскемен ЖЭО» ЖШС жылу және электр энергиясының аралас өндірісін жүзеге асырады және қала халқының қажеттілігінің 80%-дан астамын қамтамасыз ете отырып, облыс орталығын орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың негізгі өндірушісі және өнім берушісі.

Белсенді тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік саланы және өнеркәсіптік секторды дамыту аясында қала мен өңір жыл сайын жылу қуатының тапшылығына тап болады.

Жылу және электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту - қала үшін басым міндеттердің бірі болып қала бермек. Осыған байланысты өңірдің энергия қуаттарын дамыту жоспары әзірленді, оның шеңберінде Өскемен ЖЭО-ны кеңейту көзделген. Өскемен ЖЭО» ЖШС мен ҚР Энергетика министрлігі арасында инвестициялық келісімнің жасалуы маңызды қадам болды. Бұл құжат жобаға ұлттық маңызы бар мәртебе берді.

«Өскемен ЖЭО» ЖШС үшін бұл қуаттылықты арттыру бағытындағы алғашқы тәжірибе емес. 2016 жылы кәсіпорында №12 жаңа турбиналық агрегатты іске қосу арқылы станцияны кеңейту жобасы табысты жүзеге асырылған болатын.

Жаңа энергия блогын жобалау кезінде қазандық агрегаты мен турбинаның сенімді әрі үнемді пайдаланылуын, сондай-ақ оларға тиімді техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін заманауи техникалық шешімдерді қолдану қарастырылған. Қазандық агрегаты қолданыстағы талаптар мен стандарттарға сай келетін заманауи экологиялық жабдықтармен жарақтандырылады. Шаңнан тазартудың жоғары деңгейі және азот пен күкірт шығарындыларын азайту «ҚР Экологиялық кодекстің» талаптарына және заманауи еуропалық стандарттарға сай.