
ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Думан Сайфуллин Рамазан айына байланысты өткен баспасөз мәслихатында алдағы қасиетті айдың басталу мерзімі мен негізгі іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Биыл ораза ұстау мерзімі 29 күнге созылады. Қадір түні 16-нан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен 2026 жылғы пітір садақа мөлшері 735 теңге болып белгіленді.
Бас имамның айтуынша, Рамазан айында өңірде қайырымдылық пен рухани іс-шараларға басымдық беріледі. Атап айтқанда: әлеуметтік осал топтарға азық-түлік себеттерін тарату; мешіттерде күнделікті ауызашар дастархандарын ұйымдастыру; жастарға арналған рухани-танымдық кездесулер өткізу; құран хатымдары мен діни сауат ашу сабақтарын жүргізу; тарауық намазын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту.
«Рамазан – мейірім мен бірлік айы. Бұл – қайырымдылық жасап, қоғамдағы татулықты нығайтатын ерекше кезең», – деді баспасөз мәслихатына қатысқан ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Жанат Мекеева.
№1 емхананың жалпы практика дәрігері Дана Қайратова оразаның денсаулыққа әсері туралы айтып, жүрек-қан тамырлары, эндокрин жүйесі немесе онкологиялық аурулары бар азаматтар мен мектеп оқушылары оразаны ұстамас бұрын міндетті түрде дәрігерден кеңес алуы керектігін атап өтті.