
Бүгін Үкіметте Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік дамуы талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен сала министрлері қатысты.
Министрлер облыстағы медицина, білім, туризм, спорт және әлеуметтік сала бойынша баяндама жасап, соңғы көрсеткіштерді айтып өтті. Денсаулық сақтау саласында соңғы бір жылда туберкулезбен ауырғандар көрсеткіші 7,1%-ға, қант диабетіне шалдыққандар 9,6%-ға төмендеген, ана өлімі тіркелген жоқ.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Шығыс Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы студенттер саны соңғы үш жылда 31,2%-ға артқанын, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін өңірде Жаңа мамандықтар атласының құрылғанын жеткізді. Бұл атлас энергетика, ядролық физика, авиация, педагогика және өзге де салалардағы кадр тапшылығы мен еңбек нарығының сұранысын жинақтайды. Нәтижесінде мамандар нақты экономикалық қажеттіліктерге қарай дайындалады. Сонымен қатар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы Лу Бань шеберханасының жұмысы жоғары бағаланды.
Ғылымды дамыту үшін де біршама шаралар қолға алынған. Бүгінде аймақта Ғылым жөніндегі кеңес құрылып, оған Нұрымбет Сақтағанов жетекшілік етеді. 2024-2025 жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 3 есеге артты.
Инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы өңір педагогтарының жұмысы үздіктердің бірі ретінде танылып, инклюзияға арналған кадрлар даярлайтын мамандандырылған факультет ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мектепке дейінгі білім беру саласында аймақ көшбасшылар қатарында: 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.
Жиналыс барысында облыс әкімі білім беру ұйымдарында балаларды тегін тамақпен қамту барысындағы табысты есептеу жүйесіне өзгеріс енгізуді, Президенттің Шығыс Қазақстанда «Артек» балалар орталығын ашу бойынша тапсырмасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұрады.
Сөз соңында Аида Балаева бұл ұсыныстардың жіті қаралатынын айтып, Шығыс Қазақстанда Мемлекет басшысының реформаларына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуді және халықтың өмір сапасын жақсарту бағытындағы шараларды ары қарай жалғастыруды тапсырды.