Инвестициялар, әріптестік, кадрлар: ШҚО-да биылғы алғашқы Іскерлік кеңес өтті

Инвестициялар, әріптестік, кадрлар: ШҚО-да биылғы алғашқы Іскерлік кеңес өтті

Шығыс Қазақстан облысында Іскерлік кеңестің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. Өңір әкімдігі жанындағы бұл диалог алаңы дәстүрлі форматқа айналып, онда билік пен бизнес өкілдері бас қосады.

Еске сала кетейік, Іскерлік кеңес өткен жылдың жазында ШҚО әкімі жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Кеңестің негізгі қағидаты - жекелеген өтініштерді емес, бизнес қауымдастық пен салалық бірлестіктердің ұстанымын талқылау. Бұл жүйелі мәселелерді жедел анықтап, өңірлік деңгейде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі отырысқа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталып, бизнесті қолдау өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Талқылау барысында аймақтың инвестициялық тартымдылығы ғана емес, мемлекеттік қолдау тетіктері, билік пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл форматы, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде аса маңызды болып отырған кадрлық әлеует пен жұмысшы мамандықтар мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының таныстырылымына ерекше назар аударылды. Бұл өңірдің шынайы өсім векторына бағытталған бірыңғай құжат. Негізгі бағыттардың қатарында:  Өскемен қаласын хаб-қала ретінде дамыту;  шекара маңы аумақтарының рөлін күшейту;  өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, терең өңдеу мен қосылған құнға басымдық беру;  инфрақұрылымды, энергетиканы және өзге де салаларды дамыту.

Сондай-ақ логистика, газдандыру, туризм және жаңа индустриялар перспективалы бағыттар ретінде белгіленді.

Стратегияны іске асыру үшін өңірде арнайы орталық ашылып, нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар айқындалған егжей-тегжейлі жол картасы әзірленеді.