ШҚО-да «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында биыл 55 шара ұйымдастырылады

ШҚО-да «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында биыл 55 шара ұйымдастырылады

Бүгін  Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиналыста «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыға салынды.

Жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, құқық қорғау органдарының басшылары, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаевтың айтуынша, заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, халықты құқық бұзушылықтарға мүлде төзбеуге шақыру үшін жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Облыс аумағында 116 құқық кабинеті жұмыс істеп тұр. Көпқабатты үйлердің подъездері мен лифттерге 1400-ден астам тақырыптық стенд орналастырылды. Сонымен қатар үш трамвай тақырыпқа сай сыртқы жарнамамен безендірілді. Жуық арада трамвайлар мен автобустардағы экрандарда бейнероликтер көрсету жоспарланып отыр», - деді ол.

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 20 993 адам арнайы курстардан өткен. «Құқықтық қамқорлық» акциясы аясында зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар жандарға алаяқтардан қалай сақтану қажеттігі түсіндірілді. 1 қарашада Жобалық кеңсе іске қосылғалы бері 30-дан астам іс-шара іске асырылды.

«Заң мен тәртіп» идеологемасының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары жалпыұлттық сипатқа ие болу керек. Оны сапалы іске асыру ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, қоғамның және мемлекеттің орнықты дамуына оң ықпал етеді деп сенемін», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Таяуда ҚР Бас прокуратурасында өңірлік Жобалық кеңсе жұмысы тыңдалып, биылғы жылғы жоспарлар талқыланды. Нәтижесінде Шығыс Қазақстанның тәжірибесі оң бағаланды. 2026 жылы өңір бойынша түрлі форматтағы  55 шара ұйымдастырылады.