ШҚО әкімі Австрияның Қазақстандағы елшісімен келіссөз жүргізді

ШҚО әкімі Австрияның Қазақстандағы елшісімен келіссөз жүргізді

Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мен Австрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андреа Бахердің кездесуі өтті.

Австрия Республикасымен екіжақты өзара іс-қимыл аясында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары, соның ішінде медициналық оңалту саласындағы жобалар талқыланды. Сол бағыттардың бірі – австриялық медицина мен басқару стандарттарын қолдана отырып, заманауи оңалту орталығын құру жобасы.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен SANLAS Holding GmbH компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Құжат медициналық оңалту, денсаулық сақтау, ғылыми зерттеулер және кәсіби білім беру салаларындағы жобаларды дамытуға бағытталған.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов:

«Шығыс Қазақстан инвестиция тартумен қатар, халықтың өмір сапасын жақсартуға, медициналық инфрақұрылымды және оңалту қызметтерін дамытуға бағытталған озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге мүдделі», – деп атап өтті.

Жалпы, Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты түрде жалғасып келеді. Өткен жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 189,4 млн АҚШ долларын құрады.

Қазақстанның Австрияға экспортында тантал және одан жасалған бұйымдар, балық өнімдері, бериллий, хром, германий, ванадий, галлий және басқа да сирек металдар, зығыр тұқымы, навигациялық құралдар мен мотоциклдер басым. Ал Австриядан Қазақстанға негізінен вакциналар мен дәрілік препараттар, минералды сулар, ортопедиялық бұйымдар мен протездер, автотехника, құрылыс пен тамақ өнеркәсібіне арналған элементтер импортталады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі денсаулық сақтау, жоғары технологиялар және өнеркәсіптік кооперация салаларында австриялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Елші ханым көрсетілген жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Шығыс Қазақстан табиғатының ерекше көркемдігін атап өтті.