
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы № 12 орта мектеп негізінде «Жас сақшы» полиция кадеттерінің алғашқы сыныбы өз жұмысын бастады. Бұл сыныпқа қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан Лениногорск қалалық ішкі істер бөлімінің аға учаскелік инспекторы, милиция капитаны Кітаппаев Талғат Шаяхметұлының есімі берілді.
Кадет сыныбына 7-сыныптың 10 оқушысы қабылданды. Жобаның басты мақсаты — жастарды тәртіпке, заңды құрметтеуге және отансүйгіштікке тәрбиелеу, мектеп оқушыларына болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру.
Талғат Кітаппаев 1965 жылы Катонқарағай ауданының Медведка ауылында дүниеге келген. 1986 жылдан 1998 жылға дейін Лениногорск қаласының ішкі істер органдарында қызмет етті. 1998 жылдың 14 қарашасында Қара Үбе өзенінің жоғарғы жағында жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде, серт пен лауазымдық борышына соңына дейін адал болып, ерлікпен қаза болды.
Ашылу салтанатына жергілікті атқарушы орган өкілдері, ішкі істер органдарының басшылығы мен ардагерлері, Талғат Кітаппаевтың туған-туыстары, сондай-ақ жас кадеттердің ата-аналары мен тәлімгерлері қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Кадет сыныбының оқушылары саптық дайындық элементтері мен арнайы қойылымдарын көрсетті. Рәсім салтанатты түрде ант қабылдау және куәліктерді тапсыру сәтімен түйінделді.
Кадеттер үшін полиция үлгісіндегі арнайы киім нысаны әзірленіп, оқу кабинеті тақырыптық стендтермен және қажетті жабдықтармен жарақтандырылған.
Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасымен келісе отырып, құқық қорғау қызметінің негіздері, алғашқы әскери дайындық, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар енгізілді.
Сабақтарды өткізуге бейінді мамандар, соның ішінде полиция қызметкерлері жұмылдырылған.
«Жас сақшы» кадет сыныбының ашылуы — өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудегі және ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған қызметкердің есімін ұлықтаудағы маңызды қадам болды.
Салтанатты шараға қатысушылар бұл бастаманың жастар үшін тек білім мен тәртіп қана емес, сонымен бірге антқа адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Дереккөз: ШҚО ПД