ШҚО әкімі XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылармен кездесті

ШҚО әкімі XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылармен кездесті

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алған өңір спортшыларымен кездесті. Дүбірлі дода 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.

Кездесуге облыстық басқармалардың басшылары, спорт мектептерінің директорлары және аймақтың үздік спортшылары - Қазақстан ұлттық құрамасының фристайл-могул бағытындағы өкілдері қатысты.

Атап айтқанда: Анастасия Городко - халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері,  Павел Колмаков - тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі могулист,  Аяулым Әмренова - болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы,  Юлия Галышева - еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы.

Олимпиада жолдамасын алған спортшыларға ізгі лебізін білдірген облыс әкімі:

«Сіздер үшін бұл - үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Ел намысын, Шығыс Қазақстан облысының абыройын төрт жылда бір өтетін басты спорттық додада қорғау - әр спортшыға бұйыра бермейтін мүмкіндік. Олимпиадаға бару - көпжылдық еңбектің, табандылық пен өз күштеріңізге деген сенімдеріңіздің жемісі. Ұлттық құраманың сапында өңіріміздің лайықты өкілдері бар екенін мақтан тұтамыз. Сіздер - баршамызға шабыт сыйлап, жастарға үлгі болып отырсыздар», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ аймақ басшысы спортшыларды дайындауға үлес қосқан бапкерлерге, дәрігерлерге, мамандарға және осы жолда қолдау көрсеткен барша жандарға алғысын білдірді. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар алдағы уақытта да спортты дамытуға және жаңа чемпиондарды даярлауға тиісті жағдай жасауды жалғастырады.

Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі олимпиадашыларға зор денсаулық, талмас қанат және сәтті өнер көрсетулерін тіледі:

«Шығыс Қазақстан облысының және мұқым еліміздің аты олимпиадалық ареналарда лайықты деңгейде атала берсін. Біз сіздерге сенеміз және мақтан тұтамыз!»

XXV қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысады. Жарыстар спорттың 16 түрі бойынша өтеді. Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға қатысуы халықаралық лицензиялық іріктеуден сәтті өтуінің нәтижесінде мүмкін болды. Шығыс Қазақстан облысы елдегі қысқы спорттың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.