Ақтүтекке қарсы 800 техника: қыста ШҚО жолдары қалай тазаланып жатыр?

Ақтүтекке қарсы 800 техника: қыста ШҚО жолдары қалай тазаланып жатыр?

Қыстың қатаң мінезі Шығыс Қазақстанға үйреншікті. Биыл өңір жолдары қыс мезгіліндегі күрделі жағдайларға қаншалықты дайын болды?

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Маулетхановтың айтуынша, өңір бойынша республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін күтіп-ұстау үшін 806 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Республикалық тас жолдарда «КАЖсервис» ШҚОФ ЖШС қармен арпалысуда. Олардың 103 техникасының 96 пайызы кез келген уақытта жолға шығуға дайын. Ал облыстық бағыттарда «ОблШығысЖол» ЖШС-нің 119 техникасы тынымсыз қызмет атқарып жатыр. Аудандық жолдар мен ауыл көшелерінде 584 техника тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде.

Боран күшейіп, жағдай күрделене қалса, іске қосылатын 185 бірлік қосымша техника, сондай-ақ ауыр бульдозерлер мен автогрейдерлерден құралған жедел жасақ бар. Жол үстінде қалған жүргізушілер де назардан тыс қалмайды. Климаттық жағдайы қиын аумақтарда жол пайдалану пункттері мен жылыту орындары жұмыс істеп тұр. Мұнда жолаушылар жылынып, демалып, қажетті көмек ала алады.

Қысқа дайындық алдын ала басталды: жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп, 100 тонна техникалық тұз, мыңдаған сигналдық бағаналар мен жол белгілері әзірленді. Қар жиі басатын және көшкін қаупі бар учаскелерде арнайы қалқандар орнатылып, алдын алу жұмыстары жүргізілді.

«Биыл қатты қар мен көрінудің төмендеуіне байланысты жолдар уақытша жабылған сәттер де болды. Алайда барлық жағдай бақылауда ұсталып, орташа жабылу уақыты 10 сағаттан аспады, көбіне түнгі мезгілде», — деді сала мамандары.

1 қарашадан бастап облыс жолдары тәулік бойы бақылауда. Жол қызметтері, полиция және төтенше жағдайлар органдары бірлесіп жұмыс істеп, жолдағы ахуалды БАҚ пен мессенджерлер арқылы халыққа жедел жеткізіп отыр.