
Облыс әкімі Тарбағатай ауданындағы бірқатар білім ордасын аралап, ауыл мектептеріндегі оқу жағдайымен танысты.
Аймақ басшысы Б.Момышұлы атындағы негізгі орта мектепте, Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейде және Т.Тоқтаров атындағы негізгі орта мектепте (Тәуке ауылы) болды.
Сапар барысында жаңа оқу кабинеттері, спорт залдары, асханалар мен кітапханалардың жай-күйі қаралды.
Ақжар ауылындағы Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейде облыс әкімі жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Барлық білім беру ұйымдарында ол педагогтармен жүздесіп, материалдық-техникалық база мен оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылады.
Балалардың қауіпсіз білім алуы мен сапалы тамақтануын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Президент әр баланың тұрғылықты жеріне қарамастан лайықты білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасалуы тиіс екенін талай рет атап өткен. Біздің міндет - сапалы білім беріп, жылы әрі заманауи мектептерді қамтамасыз ету, барлық балаларға теңдей мүмкіндік жасау»,– деді аймақ басшысы.
ШҚО әкімі ауыл мектептерін қолдау мен білім беру жүйесін дамыту мемлекет тарапынан тұрақты бақылауда екенін атап өтті.