ШҚО әкімі жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына барды

ШҚО әкімі жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына барды

Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ақжар ауылындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің жағдайымен және елді мекеннің жылу желілерін қайта жаңғыртуға қатысты жоспарланған жұмыстармен танысты.

Өрт сөндіру бөлімі 1985 жылы салынған, бейімделген ғимаратта орналасқан. Нысан типтік жобаға жатпайды, шатырында ақаулар бар. Сондай-ақ автокөліктердің бір бөлігі ашық алаңда сақталуға мәжбүр. Аймақ басшысы алдағы уақытта тиісті шешім қабылдау үшін бұл мәселелермен жіті танысып шықты.

Нұрымбет Сақтағановқа Ақжар ауылындағы жылу желілерін реконструкциялау жобасы да таныстырылды. Оны іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Жобаның қуаты – 9,498 МВт. Нәтижесінде 25 бюджеттік мекеме мен 18 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылмақ.

Аталған жоба тұрғын үйлердің жылумен қамтылу жағдайын жақсартып, қолданыстағы жүйелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

«Елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуда тұрғындардың өмір сапасы мен шұғыл қызметтердің жұмыс жағдайы қатар ескерілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз», - деді Н.Сақтағанов.