Өскеменде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Өскеменде Мәжіліс  депутаты Ерлан Саиров зиялы қауым өкілдерімен кездесті

«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Өскемен қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.

Жиынға ақын-жазушылар, журналистер, депутаттар және қоғам қайраткерлері қатысты. Кездесу барысында елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қабылданып жатқан заңдар талқыланды.

 Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталып, олардың қоғам өміріндегі маңызына назар аударды.

«Зиялы қауым – қоғамның рухани тірегі. Парламентте қабылданып жатқан заңдардың барлығы халықтың өмір сапасын арттыруға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары біз үшін маңызды», – деді Ерлан Саиров.

Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Айтылған ұсыныстар заң шығару қызметінде ескерілетіні атап өтілді.