ШҚО-ның жоғары оқу орны алғаш рет Horizon Europe бағдарламасында

ШҚО-ның жоғары оқу орны алғаш рет Horizon Europe бағдарламасында

Қазақстандық университет Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінде тұңғыш рет жеңімпаз атанды. Бұл Еуропалық одақтың ең ірі ғылыми-инновациялық бағдарламасы.

Халықаралық TiBeRIUM жобасына Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті енгені белгілі. Жоба титан мен бериллийдің тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға және оларды өңдеуде «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған. Осы форматта алғаш рет Қазақстан мен Өзбекстандағы аталған металдардың ресурстары кешенді түрде зерттелмек.

Бұл ғылыми қауымдастық үшін маңызды оқиға. Себебі Қазақстан осы жоба аясында тек шикізат жеткізуші ретінде емес, өз ғылыми әзірлемелері, кадрлық әлеуеті және қосылған құны бар толыққанды ғылыми-технологиялық серіктес ретінде қатысып отыр. Яғни, «өндіру – экспорт» моделінен «ғылым – технология – индустрия» моделіне көшіп жатыр.

Анықтама: TiBeRIUM консорциумы 12 елден 25 серіктесті біріктіреді. Қазақстан тарапынан жобаға Үлбі металлургиялық зауыты мен Tenir Group та қатысады. Horizon Europe бағдарламасының 2021-2027 жылдарға арналған жалпы бюджеті - 95,5 млрд еуро.

Бұл Қазақстанның микроэлектроникадан бастап аэроғарыш саласына дейінгі жоғары технологиялар мен стратегиялық маңызды металдарды жеткізуді қалыптастыратын мемлекеттер қатарына нақты қадаммен қосылғанын көрсететін маңызды жетістік.