
Шығыс Қазақстан облысының Алтынбел ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған ШҚО әкімі қатысты.
Жаңа нысан Алтынбел, Егінді, Майемер және Үштөбе елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған ауылдарда жалпы саны 1600-ге жуық адам тұрады. Жоба жедел қызмет бөлімшелерінен алыста орналасқан ауылдар үшін ерекше маңызды. Мұндай жағдайда төтенше жағдайларға жедел ден қою - адам өмірі мен мүлкін сақтаудың басты факторы.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен, жедел қызмет өкілдерімен және ауылдық округ тұрғындарымен өткен жұмыс кездесуінде бекеттің қызметін ұйымдастыру және жедел әрекет ету бөлімшелерімен өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.
«Ерікті өрт сөндіру құрамалары желісін дамыту ауылдар үшін тиімді әрі өзін толық ақтайтын шешім. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты өңірде өртке қарсы және құтқару инфрақұрылымын кезең-кезеңімен нығайту жұмыстары жалғасын табады», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Алтынбелде осындай ерікті өрт сөндіру бекетінің ашылуы елді мекендердің қорғалу деңгейін арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір күшейтеді.