ШҚО-дағы Марқакөл ауылында өрт сөндіру депосы ашылды

ШҚО-дағы Марқакөл ауылында өрт сөндіру депосы ашылды

Азаматтық қорғау жүйесіндегі заманауи нысан бүгін пайдалануға берілді. 

Маңызды жоба өңірдің шалғайдағы және шекара шебіндегі ауылдардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесінде жүзеге асырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, ТЖД басшылығы мен сала ардагерлері қатысты.

Марқакөл ауданының тұрғындары үшін бұл оқиғаның маңызы зор. Жаңа депо елді мекендердің өрт қауіпсіздігі деңгейін айтарлықтай арттырады.

Облыс әкімі өз сөзінде шалғайдағы аудандарда азаматтық қорғау жүйесін дамыту өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Жаңа ғимарат әбден ескірген бұрынғы өрт сөндіру бөлімшесін толық алмастырды.  Депо заманауи талаптарға сай салынған және жеке құрамның тәулік бойы тиімді қызмет атқаруы үшін қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген.

Атап айтқанда, оқу және тұрмыстық бөлмелер, спорт залы, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, заманауи диспетчерлік жүйе және өрт техникасына арналған кең бокстар қарастырылған.

Депоның автопаркі Марқакөл ауданының күрделі климаттық және таулы жағдайларына бейімделген 8 заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасымен жабдықталған.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі шамамен 23 елді мекенге қызмет көрсетеді.

Бұл төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, өңірдегі 7 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.