ШҚО-да жолдар бойындағы қар көшкіні қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізілді

ШҚО-да жолдар бойындағы қар көшкіні қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізілді

Жыл басынан бері облыс аумағында құбылмалы ауа райына  байланысты «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының қызметкерлері «Өскемен-Алтай» жолының қар көшкіні қаупі жоғары учаскелерінде, «Путинцево» және «Богатырёво» учаскелерінде, облыстық маңызы бар «Өскемен-Самар» жолының «Тайынты», «Лайлы» учаскелерінде және Таулы Үлбі бағыты бойынша қар ошақтарына тексеру жүргізді.

Бақылау нәтижесінде қар көшкіні жиналатын ошақтардағы қар жамылғысының тығыз әрі орныққаны, үрдесін қарлардың жоқ екені анықталды. Қар жамылғысының қалыңдығы Алтай ауданында шамамен – 70 см, Катонқарағай ауданында – 50 см, Самар ауданында – 35–45 см құрайды.

Қар көшкінінің өздігінен түсу қаупі төмен.

«Қазселденқорғау» мамандары қар көшкіні қаупі жоғары аймақтарда орналасқан елді мекендер мен демалыс орындарында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының қызмет көрсететін аумақтарында барлығы 325 қар көшкіні ошақтары бар. Онда 93 шақырым автожол, мереке және демалыс күндері 3000-нан астам демалушыны қабылдайтын туристік және шаңғы базалары орналасқан.

Егер тауға баруды жоспарласаңыз, қар көшкіні қаупіне байланысты дауылды ескертудің бар-жоғын тексеріңіз, қар көшкіні қаупі бар жерлерде қауіпсіз жүрудің әдістерін меңгеріңіз, қажетті құрал-жабдықтарды алып, оларды қолдана білуіңіз қажет.

Төтенше жағдай туындаса дереу «112» нөміріне хабарласыңыз.

Дереккөз: ШҚО ТЖД