Шығыс Қазақстан облысының көлік инфрақұрылымы: негізгі жобалар

Шығыс Қазақстан облысының көлік инфрақұрылымы: негізгі жобалар

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы пайдалануға берілген Бұқтырма су қоймасындағы көпірден бөлек, Катонқарағай және Зайсан аудандарында жаңа, заманауи әуежайлардың құрылысы аяқталып жатыр.

Президент атап өткендей, бұл өңірдің туристік тартымдылығын арттырудағы маңызды қадам.
Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге келсек, 2024 жылы 710 шақырым жол салынса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 856 шақырымға жетті. «Майқапшағай» және «Уба» өткізу бекеттері жаңғыртылуда. Сондай-ақ Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянск қалаларындағы бес теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр.
Өңірде жолға қатысты ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары тасжолы қайта жаңғыртылуда, Қалбатау – Майқапшағай (ҚХР шекарасына шығатын жол) тасжолын, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен (елдің оңтүстігімен байланыстырар жол) тасжолын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Семейге апаратын жол да жөндеуден өтті.
Сонымен қатар Риддер мен Шемонаиха бағытындағы тасжолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Өскемендегі жолдар: көлемі мен қаржыландыру
2024 жылы 4,6 млрд теңгеге шамамен 50 шақырым жол жөнделді (оның ішінде облыстық маңыздағы жолдар – 15 км, қаладағы көшелер – 35 км шамасында). Ал былтыр 6,6 млрд теңгеге 71 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді (облыстық маңыздағы жолдар – 29 км, қала көшелері – 42 км).
Көпірлер мен жол айрықтары: қаланың жүктемесін азайту
Ертіс пен Үлбі өзендері көпірлерге түсетін жүктемені арттырып отыр. Қаланың әр шетіндегі аумақтарды бір-бірімен байланыстыру дәне кептелісті азайту үшін Ертіс пен Үлбі арқылы өтетін екі жаңа көпір салу жоспарланған.
Сонымен қатар Сәтбаев даңғылы – Жібек жолы көшесі және Жеңіс даңғылы – Пермитин көшесі қиылысында екі жол айрығын салу көзделген.
Шнайдер көпірін қайта жаңғырту жұмыстары ерекше бақылауда.