
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданы Жанұзақ ауылындағы жаңа спортзалдың ашылу салтанатына қатысты.
Спортзал құрылысына облыстық блім басқармасынан қаражат бөлінген. Жобаның жалпы құны - 102 млн теңгеге жуық. Бас мердігер - «Древстроймаркетинг» ЖШС.
Жалпы аумағы 404,52 шаршы метрді құрайтын ғимаратта жаттықтырушы кабинеті, қыздар мен ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, душ, санитарлық тораптар мен өзге де қажетті бөлмелер қарастырылған. Спортзал заманауи құрал-жабдықтармен және барлық қажетті инженерлік желілермен жабдықталған. Енді ауылдағы мектеп оқушылары дене шынықтыру сабағын осының ішінде өткізеді.
Аталған жоба өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға, балалар мен жасөспірімдер үшін денесін шынықтырып, спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Осы спортзалдан әлемдік додаларда көк туымызды желбірететін чемпиондарымыз шықсын. Ең бастысы, балаларымыз денелерін шынықтырып, жан-жақты дами берсін. Бүгінде Ұлан ауданындағы 32 мектептің ішінде спортзалы жоқ 3 білім ордасы қалды. Алдағы уақытта оларға да осындай спортзалдар саламыз», - деді аймақ басшысы Н.Сақтағанов.