ШҚО-да Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің жаңажылдық шыршалары өтті

ШҚО-да Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің жаңажылдық шыршалары өтті

Соңғы күндері Шығыс Қазақстан облысының кішкентай тұрғындары нағыз жаңажылдық ертегіге енгендей болды - алдымен Президенттің, одан кейін облыс әкімінің шырша шарасы ұйымдастырылды.

Балалардың көкірегін қуанышқа, жылылыққа және ғажайыпқа деген сенімге бөлейтін бұл мереке кеше ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған болатын. Ал бүгінгі шарада жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, өңірдің дарынды әрі талантты оқушылары бас қосты.

Ертегі кейіпкерлері, жарқын концерттік бағдарламалар, көңілді ойындар мен шығармашылық қойылымдар мерекеге ерекше сән беріп, әр баланың өзін маңызды әрі көңілді сезінуіне мүмкіндік жасады.

Президент атынан 200 балаға жаңажылдық тәтті сыйлықтар мен 150 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Сол күні облыс әкімінің шыршасына қатысқан тағы 100 шығысқазақстандық бала да 150 мың теңге көлеміндегі сертификат пен тәттілерді сыйға алды.

Бүгінгі шараларға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым білім саласына айрықша мән береді. Себебі елімізге талантты, білімді әрі талапты жастар қажет. Сондықтан баршаңызға оқуда озат, білімге құштар болуларыңызды тілеймін!», - деп атап өтті.

Осындай мерекелер балаларға олардың арман-тілектерінің маңызды екенін еске салып, ізгі істер мен жетістікке жетуге деген ұмтылыстың міндетті түрде өздеріне жақсылық болып қайтатынын аңғартады.