
«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер ҚР Президентінің жарлығымен I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Жоғары марапатты оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыс етті.
«Сіз ел өнеркәсібінің дамуына айрықша үлес қосқан жансыз. Биыл өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан ТМК Қазақстанның титан-магний өнеркәсібінің флагманына айналып, әлемдік нарықта маңызды орын алған кәсіпорын. Соның ішіндегі 30 жыл - Сіздің кәсіби қызметіңізбен және жауапты басшылығыңызбен тығыз байланысты», - деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде мемлекеттік марапаттың Франция Республикасының азаматына табысталып отырғанын ерекше атап өтті. Бұл халықаралық әріптестіктің және еліміздің дамуына шетелдік мамандардың қосқан үлесіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі.
Сильван Гелер осындай жоғары құрмет көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, қолдау білдірген облыс әкіміне және әркез жанынан табылатын әріптестеріне шынайы алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Сильван Гелер 1949 жылы Францияның Страсбург қаласында дүниеге келген. 1995 жылдан бері «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде. 2009 жылы I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған.