
Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар жоспарлы түрде іске асырылуда. Самар ауданындағы Самар ауылында орналасқан 24 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысына жетті.
Нысанға халықпен есептік кездесу аясында, сондай-ақ жөндеу жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов барды. Аймақ басшысы жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына оң баға беріп, мердігер ұйымға нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, тұрғын үйді пайдалануға беру ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына жоспарланып отыр.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, тұрғын үйдің алғашқы екі қабатындағы пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған, ал үшінші қабаттағы пәтерлер мемлекеттік қызметшілерге беріледі. Жоба аясында мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында сегіз пәтер облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын болады.
Алғашқы кезеңде тұрғын үй электр энергиясы арқылы жылытылады. Орталық қазандықтың құрылысы аяқталғаннан кейін ғимаратты орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарланып отыр.
Барлық пәтерлер таза әрлеумен тапсырылатын болады. Жобада кең тұрғын бөлмелер, панорамалық терезелер және балконға шығу мүмкіндігі қарастырылған, бұл тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, биыл Самар ауданында тағы бір көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Самар ауданында тұрғын үй алу кезегінде 418 азамат тіркелген. Оның ішінде 109 жетім бала, 200 әлеуметтік осал топ өкілі, 58 көпбалалы отбасы, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған 6 азамат, сондай-ақ 45 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйым қызметкері бар.
Самар ауданында тұрғын үй жобаларын іске асыру тұрғын үй кезегін кезең-кезеңімен қысқартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған және Шығыс Қазақстан облысы басшылығының тұрақты бақылауында.