ШҚО-да 2025 жылдың 11 айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша 1149 өтініш тіркелді

ШҚО-да 2025 жылдың 11 айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша 1149 өтініш тіркелді

2025 жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азаматтардан 1149 өтініш келіп түсті.

Өңір тұрғындары көбіне бөлшек сауда саласындағы заңбұзушылықтарға - сапасыз тауарлардың сатылуына, тауарды қайтару және айырбастау кезіндегі қиындықтарға, сондай-ақ тұрмыстық қызметтердің сапасыз көрсетілуіне шағымданған.

Сонымен қатар электрондық саудаға қатысты өтініштер санының артқаны байқалады: тауардың сипаттамасына сәйкес келмеуі мен жеткізудің кешіктірілуі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылы тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылған. Тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында 37 тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 841 мың теңге сомасына 18 әкімшілік айыппұл салынды, 22 нұсқама мен 2 ескерту берілді. Сонымен қатар Департамент тұтынушылардың мүддесін қорғау бойынша 12 сот процесіне қатысты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға ерекше көңіл бөлінді. Жыл басынан бері 182 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Заңбұзушылықтардың ең көп саны Өскемен қаласында, Ұлан және Шемонаиха аудандарында анықталды.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу тетігі жүзеге асырылуда. Сауда павильондары мен үй маңындағы дүкендерде тұрғындар негізгі азық-түлік өнімдерін белгіленген бағамен сатып ала алады. Жақын арада тұрақтандыру қорының тауарлары облыстың барлық аудан орталықтарына жеткізілмек.

Онлайн-сауданың қарқынды дамуына байланысты маркетплейстерге қатысты шағымдар саны да артқан. Осыған орай елде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасы әзірленуде. Ол кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуді, тұтынушылардың құқықтарын кеңейтуді, Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құруды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізуді көздейді.

Сонымен қатар, Өскемен қаласында нарықтарды жаңғырту жөніндегі Жол картасы аясында «Заречный», «Заря» және «Орталық» базарлары жаңартылуда. «Заречный» және «Заря» базарларында жаңа павильондардың құрылысы аяқталды, ал Орталық базарды жаңғырту жұмыстары 2026 жылы жалғасады.