ШҚО Үлкен Нарын өңірінде Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы айрықша аталып өтпек

ШҚО Үлкен Нарын өңірінде Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы айрықша аталып өтпек

22–26 желтоқсан күндері Үлкен Нарын ауданының ауылдық мәдениет ошақтарында қазақ халқының даңқты перзенті, аңызға айналған қолбасшы әрі қаламгер Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім – Бауыржан» атты мазмұны терең, тағылымы мол патриоттық шаралар легі өтеді.

Тақырыптық апталықтың түпкі мұраты — Бауыржан Момышұлының ерлікке толы ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту, жас буынның жүрегіне ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілікті ұялату, тарихи сананы жаңғыртып, ауыл жұртшылығы арасында бірлік пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын нығайту.

Іс-шаралар аудандық Мәдениет және демалыс орталығының үйлестіруімен ұйымдастырылып, өңірдегі барлық ауылдық клубтарды қамтиды. Әрбір елді мекенде жергілікті болмыс пен рухани ерекшеліктер ескеріле отырып, түрлі форматтағы мәдени-бұқаралық бағдарламалар ұсынылады. Апталық аясында әдеби-музыкалық композициялар қойылып, патриоттық бағыттағы кеш-сұхбаттар өтеді, деректі фильмдер көрсетіліп, мазмұнды талқылаулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар мәнерлеп оқу мен эссе байқаулары, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық көрмелері және рух көтерер патриоттық акциялар жоспарланған.

Апта барысында ауылдық клубтарда Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі мен өшпес ерлігіне арналған арнайы тақырыптық бұрыштар мен фотостендтер безендіріліп, көрермен назарына соғыс жылдарының әндері мен отансүйгіштік рухтағы шығармалар орындалатын концерттік бағдарламалар ұсынылады.

Шаралар легінің шарықтау шегі ретінде аудандық Мәдениет үйінде «Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім – Бауыржан» атты аудандық патриоттық ән байқауы өтеді. Бұл байқауда ауылдық клубтардан іріктелген таңдаулы орындаушылар елге деген махаббатты, ерлік пен Жеңіс рухын жырлаған вокалдық туындыларын паш етеді.

Аталған патриоттық апталық — ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты бекемдеп, Бауыржан Момышұлы сынды ұлт қаһарманының ерлік мұрасын терең сезінуге бастайтын тағылымды мәдени бастама болмақ. Ерлік пен ар-намысты ту еткен баһадүр тұлғаның есімі ел жадында мәңгі жаңғыра бермек.