ШҚО әкімі Даниал Ахметовке қала, аудан әкімдері мен бас дәрігерлері COVID-19 індетінің екінші ықтимал толқынына дайындықтары туралы баяндады

ШҚО әкімі Даниал Ахметовке қала, аудан әкімдері мен бас дәрігерлері COVID-19 індетінің екінші ықтимал толқынына дайындықтары туралы баяндады

Жаһанды жаулаған індет шығысқазақстандықтарды да айналып өтпеді. Сәуір айынан бастап облыстың барлық аймақтарына COVID-19 вирусы тарай бастады. Ал, күз басталғалы әлем елдері коронавирустың екінші толқыны басталғаны туралы дабыл қақты. Себебі, әлем бойынша індетті жұқтырған науқастар саны 40 млн. асты.

Бүгіннен бастап аудандық және қалалық деңгейдегі ауруханалардың бас дәрігерлері аймақ басшысы Даниал Ахметовке жергілікті жерлердегі эпидемиологиялық жағдай мен науқастардың жай-күйі туралы жеке есеп беріп отырады. Онлайн-кездесу барысында аймақ басшысы Денсаулық сақтау басқармасының ауруханаларды жабдықтар және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жөнінде ұсынған ақпаратының дұрыстығын тексерді.

Мәселен, Үржар ауданында инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек жанындағы мониторлардың тоғызы бар, тағы 17-сі күтілуде. Инфузомат қазір алты, жыл соңына дейін қосымша он данасы жеткізіледі. Қазіргі уақытта ауданда өкпені жасанды желдететін жеті аппарат бар, тағы сегізі жеткізіледі. Қолда бар оттегі концентраторлары 69 дана. Сондай-ақ, тағы бір компьютерлік томограф жеткізіледі. Жаңа туған нәрестелер мен балалар үшін екі СРАР ӨЖЖ аппараты жұмыс істеп тұр.

 – Барлық әкімдер мен оқшаулау орталығының арнайы топтарына коронавирус жұқтырған науқастар анықталған жағдайда, олармен байланыста болған азаматтарды дереу анықтап, оқшаулау жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл бағыттағы жұмыстар күн сайын жүргізілуі тиіс, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Онлайн-кездесу барысында Зайсан ауданының бас дәрігері рентген аппаратының техникалық ақауы барын айтты. Облыс басшысы жақын арада өңірге келіп түсетін жылжымалы рентген аппараттарының ішінен біреуін Зайсан ауданына жіберуді тапсырды. Жалпы, ауданның инфекциялық және провизорлық стационарлары 60 төсек-орынмен жабдықталған. Тағы қосымша 50 орын дайын.

Айта кету керек, облыста инфекциялық стационарлардан бес мыңнан астам ковидті пневмонияны жұқтырған науқастар сауығып шыққан. Ал, үш мыңнан астам симптомсыз COVID-19 вирусын тасымалдаушылар үй карантинін аяқтады.