ШҚО-да халықаралық жаңажылдық фестиваль өтеді

ШҚО-да халықаралық жаңажылдық фестиваль өтеді

Шығыс Қазақстан облысында 19-20 желтоқсан күндері нағыз ертегі әлеміне жетелейтін ерекше мереке – «Аяз ата, Ақшақар -2025» халықаралық фестивалі өтеді.

Бұл шара өңірдің қысқы көркін паш етіп қана қоймай, жаңа жыл қарсаңында тұрғындар мен қонақтарға ұмытылмас әсер сыйламақ.

Фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Биыл мерекеге Қазақстандағы Қырғызстан мен Өзбекстан елшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарынан келген қатысушылар жиналады. Ең басты ерекшелігі – фестиваль алаңында 120-дан астам Аяз ата мен Ақшақар жұбы бас қосып, Шығыс Қазақстанды нағыз қысқы ертегіге айналдырады.

Мерекелік шаралар екі күнге жоспарланған. 19 желтоқсанда фестиваль Риддер қаласында басталса, 20 желтоқсанда «Алтай Альпілері» тау-шаңғы кешенінде және Өскемен қаласында жалғасады. Қонақтарды қызықты қысқы ойын-сауықтар, концерттік бағдарламалар, байқаулар мен түрлі мәдени шаралар күтеді.

Сонымен қатар, 20 желтоқсан күні сағат 15:00-де Аяз атаның резиденциясының ашылу салтанаты өтеді.

«Аяз ата, Ақшақар-2025» фестивалі – балалар үшін шаттыққа, ересектер үшін жылы естеліктерге толы мереке. Ол Шығыс Қазақстан тұрғындарын біріктіріп, өңірдің қысқы туристік әлеуетін жаңа қырынан танытатын айтулы оқиға болмақ.

Ұйымдастырушылар барша жұртшылықты осы ерекше мерекеге қатысып, қыстың ғажайып сәттерін бірге қарсы алуға шақырады.