
Облыс орталығында ҚР Тәуелсіздік күніне орай грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Шығыс Қазақстан облысы әкімі кубогының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен 270 спортшы жиналды. Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Глубокое, Ұлан, Катонқарағай, Шемонаиха, Үлкен Нарын, Самар, Марқакөл, Тарбағатай, Күршім, Зайсан аудандарының балуандары бақ сынасып жатыр.
Доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов:
«Бұл турнир – өңір спортындағы маңызды оқиға. Жас спортшылар үшін тәжірибе жинақтап, шеберлігін арттыруға зор мүмкіндік. Шығыс Қазақстан күрестен әркез алдыңғы лекте. Біздің спортшылар әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанып келеді», – деп атап өтті.
Бүгінде облыста 1 628 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Жаңа спорт ғимараттарын салу және пайдалануға беру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін тағы екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда аймақ халқының 45 пайызы жүйелі түрде денесін шынықтырып, спортпен шұғылданады. Жыл басынан бері 2,5 мыңнан астам спорттық іс-шара өткізілді.
Сондай-ақ жарыстың салтанатты ашылуына ел спортындағы құрметті ардагерлер қатысып, жас балуандарға үлгі болып, мотивация сыйлады.