
«ҚР ТЖМ Қазселденқорғау» ММ ШҚ филиалының қызметкерлері «Өскемен-Самар» тасжолы бойындағы «Тайынты» және «Лайлы» бағыттарында, «Өскемен-Алтай-Катонқарағай» тасжолының 58-66 шақырымында орналасқан «Пихтовка» және «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное» бағыттарындағы қар көшкіні қаупі бар учаскелерге жерүсті тексеру жүргізді.
Соның барысында қардың құрылымы, оның қалыңдығы, қар қабаттарының тұрақтылығы мен беріктігі, қар көшкіні қаупінің туындауына әсер ететін белгілер мұқият зерттелді.
Өңірде қардың көп түсуіне қарамастан, беткейлердегі қар тығыз жиналған, қардың желмен үйілуі байқалмайды. Алтай ауданында қар қалыңдығы – 70 см, Катонқарағай ауданында – 50 см, Самар ауданында – 30-35 см.
Жалпы ШҚО аумағында ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің филиалы қызмет көрсететін 325 қар көшкін жинағында, қар көшкіні қаупі бар аймаққа кіретін 93 шақырым автожол, сондай-ақ туристік және шаңғы базалары бар.
ШҚО «Қазселденқорғау» филиалы мен ШҚО ТЖД мамандары азаматтарға тауға шығар алдында ауа райы болжамын ескеруді сұрайды. Ауа райы туралы мәліметті «Дәрмен» мобильді қосымшасынан білуге болады.