ШҚО әкімі Үлкен Нарын ауданының халқымен кездесті

ШҚО әкімі Үлкен Нарын ауданының халқымен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары барысында Үлкен Нарын ауданының тұрғындарымен кездесіп, облыс пен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталып келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6% мөлшерінде сақталды. Өңірде 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылса, оның ішіндегі 19 мыңы тұрақты жұмыс.  Орташа жалақы 9,5%-ға өсіп, 403 мың теңгеге жетті.

Президент жүктеген 2029 жылға дейін экономикалық өсімнің қарқынын екі есеге арттыру міндетін орындау мақсатында облыс экономикасын әртараптандыруға басымдық берілген. Бұл ретте өңірлік жалпы өнім құрылымындағы өнеркәсіптің жоғары үлесі ескеріліп отыр.

Қазіргі уақытта Үлкен Нарын ауданында жалпы инвестиция көлемі  12,6 млрд теңгені құрайтын 5 жылдық даму жоспары жүзеге асырылып келеді.

Туризм және шағын кәсіпкерлік бағытында бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда: «Приморск» туристік базасы кеңейтілді; 24 орындық хостел, ет өңдеу цехы, шағын қонақүй және наубайхана ашылды; пантымен емдеу орталығының құрылысы жүріп жатыр.

Ауданда құны 1,4 млрд теңге болатын жаңа асфальтбетон зауыты іске қосылып, өнім шығаруға кірісті. Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібі ауданның жалпы өнеркәсіп көлемінің 37 пайызын құрап отыр.

Туризм де экономикалық өсімнің маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді. Туристер саны 38,5 пайызға артып, 4,9 мың адамға жетті. Ауданға келушілерді орналастыратын 6 нысан бар. Сонымен қатар ауылдың кіреберісінде заманауи жол бойы сервисі ашылды.

Келесі жылы Приморск ауылында жағажай аймағын абаттандыру және Бұқтырма су қоймасы жағалауының турбазаларға арналған учаскелерін қамтитын бас жоспар әзірлеу жоспарланып отыр.

Аудан әзірге Ұлттық инвестжобалар пулына кірмеген. Осыған байланысты аудан әкіміне жаңа бастамалар әзірлеу, инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды.

Аудан әкіміне салықтық базаны кеңейту және қосымша кіріс көздерін іздестіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.