Шығыс Қазақстан облысы республика бойынша барлық қан плазмасының 70 пайызын жинады

Шығыс Қазақстан облысы республика бойынша барлық қан плазмасының 70 пайызын жинады

Облыстық әкімдікте өткен жиналыс барысында өңір басшысы Даниал Ахметов бүгінде ШҚО-да 2889 қан плазмасының дозасы жиналғанын хабарлады. Олар облыстағы коронавирус індетіне шалдыққан, жағдайы ауыр науқастарды емдеу үшін қолданылатын болады.

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді алаңдатқан осы күннің өзекті мәселесі. Сондықтан ел алдында тұрған басты міндет - азаматтар арасындағы инфекцияның таралу қаупін барынша азайту. Қазіргі таңда облыс бойынша COVID-19 жұқтырудың 9049 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 3752, яғни 42 пайызы симптомсыз. Ал, соңғы тәулікте 19 адам вирус жұқтырған. Осыған байланысты, аймақ басшысы мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Даниал Ахметов олардың жұмысы тиімсіз орындалғанын және көп жағдайда формальды сипатқа ие екенін атап өтті.

- 17 шілдеден қыркүйекке дейін 3970 тексеру жүргізілді, бірақ барлығы 225 хаттама жасалған. Қазан айында өткен тексерулер саны да аз. Барлық әкімдерге мониторингтік топтардың жұмысын бақылауға алуды тапсырамын. Сондай-ақ, бір апта ішінде әкімдер мен бас дәрігерлер өз ауруханаларын жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жеке-жеке баяндама жасайды. КТ-дан өту үшін науқастарды, әсіресе ауылдық жерлердегі азаматтарды жеткізу кестесін пысықтауды тапсырамын. Жақын арада медицина қызметкерлері үшін семинар өтеді, онда КВИ-дің күрделі жағдайлары мен сатылай емдеу кезеңдері егжей-тегжейлі қаралады, - деді ШҚО әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімі ШҚО-да оқшаулау орталығының 112 тобын құру туралы өкімге қол қойды. Бұл топтардың мақсаты – науқастар және олармен байланыста болғандар жандарды іздеу және оқшаулау. Қажет болған жағдайда локализация орталығы топтарының жұмысына медицина қызметкерлерінің мобильді топтары қосылатын болады.

- Біздің облыста науқастарға арналған 6100 төсек-орын дайын. Жақын арада қажетті медициналық жабдықтарды, қосымша дәрі-дәрмектерді Ресей Федерациясынан сатып аламыз. Әкімдер мен дәрігерлерге қан плазмасы банкін құру бағытындағы жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Қазір бізде 2889 доза бар. Бұл ҚР-дағы барлық плазманың 70 пайызын құрайды. КВИ емдеуде плазманы қолданудың тиімділігі әлемдік тәжірибемен дәлелденген. Біздің таяу күндердегі міндетіміз - оқу-жаттығулар өткізу және басқару жүйесін пысықтау. Ол үшін барлығымыз жұмыла жұмыс атқаруымыз керек, - деп атап өтті аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Айта кетейік, облыста коронавируспен тиімді күресу үшін инфекциялық және провизорлық орталықтарға қосымша жабдықтар сатып алынды. Атап айтқанда, 158 төсек жанына орнатылатын мониторлар,  50 дана инфузомат, перфузиялық мониторлар - 165, ӨЖЖ аппараттары – 150, рентген аппараттары – 10, оттегі концентраторлары – 1066 дана. Ал, оттегі станциялары саны 17-ге дейін артты.