Облыс орталығында Ұлан ауданының мәдени күндері басталды

Облыс орталығында Ұлан ауданының мәдени күндері басталды

Бүгін облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Өскеменде Ұлан ауданының мәдени күндері басталды.

Ең әуелі Пушкин атындағы кітапханада Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай рухани әлемінің айнасы» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті.

Одан соң ШҚО филармониясының фойесінде көрме ұйымдастырылып, оған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов келді. Жиналған жұрттың назарына ауданның түрлі өнімдері мен қолөнер бұйымдары ұсынылды.

Сондай-ақ жыл сайын әлемнің әр түкпірінен бүркітшілердің басын қосатын «Шығыс салбурыны» фестиваліне арналған әсерлі фотокөрме де көптің көңілінен шықты. Биыл бұл фестивальге 6 елден 148 бүркітші қатысып, 10 мыңнан астам көрермен келген.

Ал сағат 18.00-де дәл осы жерде «Ұлы мекен – туған елім» атты Ұлан ауданы өнерпаздарының концерті басталды. Кеш қонақтары - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашев, елге танымал әншілер Руфат Маратұлы мен Нұргүл Мыңғатова өз өнерлерін паш етті. Бұдан бөлек ұландық өнерпаздар да әуелетіп ән айтып, би билеп, көрініс қойып өскемендіктер мен қала қонақтарын бір серпілтті.

Айта кетейік, ертең таңғы сағат 08:00-ден бастап Жібек Жолы даңғылы, 44 мекенжайында ауданның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда халыққа ауылдан келген таза өнімдер қолжетімді бағада сатылады.