
Елдегі ең үздік кәсіпорындарға берілетін жыл сайынғы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы жоғары сапа стандарттарын ұстанып, бәсекеге қабілеттілігін дәлелдегендерге табысталады.
Байқау үш санат және төрт номинация бойынша өткізіледі: өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын; халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын; қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын; азық-түлік және/немесе ауыл шаруашылығы тауарларын шығаратын үздік кәсіпорын.
Әр номинацияда шағын, орта және ірі бизнес субъектілері арасынан жеңімпаздар анықталады.
Сонымен қатар «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары да табысталады.
Биыл Шығыс Қазақстан облысынан байқауға бес кәсіпорын өтінім берді: «Эмиль» ЖШС, «Алтай-МП», «Өскемен құс фабрикасы» АҚ, «Силумин-Восток» ЖШС, «IZOTERM» өндірістік-сауда компаниясы.
Ал биыл біздің өңірден «Алтын сапа» сыйлығының «Азық-түлік және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Эмиль» компаниясы лауреат атанса, «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында «Силумин-Восток» ЖШС арнайы сыйлыққа лайық деп танылды.
Лауреаттар диплом, премия эмблемасы мен ақшалай сыйлыққа ие болады. Сондай-ақ олар 4 жыл бойы «Алтын сапа» белгісін жарнамада және өз өнімінде қолдану құқығын алады.
Байқаудың отандық өнімнің сапасын арттыруға және қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде маңызы зор.
Бүгін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің жеңімпаздары да марапатталды. Биыл байқау 3 номинация бойынша өткізілді: өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар; халық тұтынатын үздік тауарлар; үздік азық-түлік өнімдері.
Әр номинацияда – 3 жеңімпаздан.
Өңірлік көрмеге қатысқан 83 кәсіпорынның ішінен Шығыс Қазақстанның тоғыз кәсіпорны іріктелді.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша: «SP Jet» ЖШС (Өскемен), «IZOTERM ӨСК» ЖШС (Глубокое ауданы), «ПКФ Профиль» ЖШС (Өскемен).
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында Өскемендегі «АЛЬЯНС-MEDICA» мен «Альприма» компанияларының өнімдері және Күршім ауданындағы «Эльмира Есманбек» ЖК өнімі үздік деп танылды.
2025 жылғы «Үздік азық-түлік өнімдері» номинациясының жеңімпаздары: «Эмиль» ЖШС, «Айтас-МП» (Катонқарағай ауданы), «АС» ЖК.
Шара аясында экология, әлеуметтік жауапкершілік және қайырымдылық қағидаттарын бизнесте кеңінен қолданатын кәсіпкерлерге арналған «Адал Азамат» және «Ұлы Дала Елі» сыйлықтарының иегерлері де марапатталды.
Олардың қатарында «Бұқтырма уылдырық өсіру шаруашылығы» ЖШС мен «IZOTERM» ӨСК бар.