Шемонаиха ауданында жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылады

Шемонаиха  ауданында  жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылады

Облыс  әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданы тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Мәселен, ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Лычагина Усть-Таловка кентінде жылу желілерін және сорғы станциясын салуды сұрады. Аймақ басшысы облыстық бюджет есебінен қаражат бөлініп, тиісті жоба 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асырылатындығын айтты.

Одан соң әкім Шемонаиха ұн тарту-құрама жем комбинатына барды. 1976 жылы негізі қаланған комбинатта 55 адам жұмыспен қамтылған. 2023-2025 жылдары кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан инвестиция көлемі 684 млн теңгені құрайды. Қаражат зауыттың қойма инфрақұрылымын кеңейтуге және өндірістік жабдықты жаңартуға бағытталған. Мұнда шыққан өнімдер Қазақстанның әр түкпірінен бөлек, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Комбинат өндіріс көлемін жылына 30 000 тоннаға дейін ұлғайтуды, шикізат қоймасының сыйымдылығын 60 000 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов Сугатовка ауылындағы жаңа өрт сөндіру бекетінде болды. Аудан әкімдігі мен шаруа қожалықтарының қолдауымен құрылған бұл бекет ауылдағы өрт қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге бағытталған. Алдағы уақытта облыс әкімі мен ҚР Төтенше жағдайлар министрінің қатысуымен аталған өрт сөндіру бекетін ресми түрде ашу жоспарланып отыр.

«Өрт сөндіру бекеті барлық қажетті жабдықтармен және техникамен қамтылған. Бұрын өрт шыққанда осында өрт сөндірушілер келіп жеткенге дейін біраз уақыт кететін. Жаңа бекет Сугатовка ауылының ғана емес, жақын маңдағы Горкуново және Кенюхово ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы бағыттағы жұмыстарды басқа елді мекендерде де жалғастырамыз», - деді  Нұрымбет Сақтағанов.