ШҚО әкімі Шемонаиха ауданы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді

ШҚО әкімі Шемонаиха ауданы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.

Шемонаиха ауданына 2029 жылға дейін 130 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылмақ.

«Ауданның 2029 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 127,3 млрд теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланған. Жеке инвестициялар есебінен өткен жылы Рулиха ауылында 480 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма кеңейтілді, Шемонаиха қаласында 154 орындық «Балу» балалар ойын-сауық орталығы салынды және шұжық цехы ашылды. Ал биыл аудан орталығында «Сивер плюс» кәсіпорны 380 млн теңгеге сүт өңдеу өндірісін іске қосса, Ұн тарту-құрама жем комбинаты өндірісті ұлғайтты. Шемонаиха ауданының әкіміне ауданды дамыту жоспары бойынша іс-шаралардың сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді аймақ басшысы.

Шемонаихада туристерге арналған 22 орын тіркелген. Осы жылы ауданда туризм саласында жалпы құны 68 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда. Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде аудан әкіміне визит-орталық ашу бойынша ұсыныстар енгізуді, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалымен бірлесіп, республикалық тасжол бойында санитарлық-гигиеналық тораптарды орнатуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Ауданда мал шаруашылығы да дамып келеді. Бүгінде 20 мың бас ірі қара, 12 мың бас қой мен ешкі, 3 мың жылқы бар. Осы жылдың 10 айында шаруашылықтар 3 мың тонна ет өндірді. Жалпы аудан аумағында 10 сүт-тауарлы ферма және 1,9 мың басқа арналған 2 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.

Облыс әкімі аудан басшысына Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп,  ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жаңа жобалары бойынша, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ұсыныстар енгізуді тапсырды.