ШҚО-да «Рухты теңдік» фестивалінің үздіктері марапатталды

ШҚО-да «Рухты теңдік» фестивалінің үздіктері марапатталды

Бүгін әлем бойынша ерекше қажеттіліктері бар жандарға құрмет көрсетілетін күн. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында «Рухты теңдік» инклюзивті фестивалі өтті.

Оны Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана мен облыстық филармония ШҚО Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.

Фестивальге Өскемен қаласы, Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім және Үлкен Нарын аудандарынан әр жастағы шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар қатысты.

Филармония фойесінде қатысушылардың түрлі қолөнер бұйымдары, суреттері қойылса, сахнада әуелетіп ән шырқалып, нақышына келтіріліп өлең оқылды.

Ал марапаттау рәсімін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өткізді.

«Баға жетпес мәдени мұрамызды зерттеу, сақтау, насихаттау және молайту - бәріміздің ортақ әрі аса маңызды міндетіміз. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар талантты да шығармашыл жандардың өнері, еңбегі мен жігері айналасындағыларға шабыт беріп, мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосып отырғанын ерекше атап өткім келеді.​ Барлық қатысушыларға толағай табыс, жаңа жетістіктер, шалқар шабыт пен өз күштеріңізге деген сенім тілеймін», - деді аймақ басшысы.

Фестиваль қорытындысында вокал бойынша Айболат Құнапиев (Күршім ауданы) жеңімпаз атанса, аспаппен өнер көрсетуде құрамында Радмир Видахмет, Саянат Асарова, Досым Кенжебек және Айдын Мұхамеджанов бар ансамбль (Өскемен қаласы) үздік деп танылды. Авторлық шығармашылық номинациясында Татьяна Медведева (Өскемен қаласы), бейнелеу өнері бойынша Станислав Савинов (Өскемен қаласы) қолданбалы өнерде  Зульфира Ерқасымова (Үлкен Нарын ауданы) жеңімпаз болды. Басқа да қатысушыларға Алғыс хаттар мен демеушілер атынан қаржылай сыйлықтар берілді.