
Бүгін облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күндері басталды.
ШҚО филармониясының кіреберіс залына «Дәстүр мен даму: Тарбағатай өнері» атты көрме қойылды. Онда қолөнер шеберлерінің туындылары, ұлттық тағамдар, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары, Балалар өнер мектебінің сурет және қолөнер бағытындағы шығармашылық жұмыстары қойылды.
Сондай-ақ жас суретшілердің жылдам салу техникасын паш ететін «Арт баттл» және арнайы шеберлік сабағы өткізілді. «Тарбағатай өнімдері: табиғаттан тұтынушыға» атты ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласының өнімдері ұсынылған көрме де жиналғандарды ерекше қызықтырды.
Сағат 18.00-де Тарбағатайдың әр түкпірінен келген өнерпаздардың гала-концерті басталды. Көрерменге халықаралық сахналарда ел абыройын асқақтатып жүрген «Барқытбел» этно ансамблінің бағдарламасы ұсынылды. Ауданның басқа да жас таланттары мен танымал әншілері сахна төрінде бас қосып, жарқын да әсерлі концерттік бағдарламамен өнерсүйер қауымды бір серпілтті.
Айта кетейік, ертең Өскеменде таңғы сағат 08:00-ден бастап Жібек Жолы даңғылы, 44 мекенжайында ауданның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, табиғи өнімдер халыққа нарықтағыдан арзан бағада ұсынылмақ.