
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев 2025 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді.
Есепте ауданның негізгі салалары — ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, инвестиция, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандарды дамыту бойынша нәтижелер атап өтілді.
2025 жылдың 10 айында: өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,3 млрд теңгені құрады (өсім — 182%); ауыл шаруашылығы өнімдері 23,2 млрд теңгеге жетті; негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,1 млрд теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік белсенділігі артып, жаңа жұмыс орындары ашылды.
«Кеңес одағы заманынан бері асфальт салынып көрмеген Акжар-Шілікті жолының 15 шақырымына осы жылы орташа жөндеу жүргізілді. Бозша ауылына кіреберіс 3 шақырым жолға асфальт төселді. 2025 жылы аудандық маңызы бар ауылдық округ орталықтарына апаратын жолдар 100% асфальтталды. 76,6 шақырым жөнделген жолдың ішінде 49,750 шақырымға асфальт төселіп отыр. Ал қалған 26,8 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, тегістелді», - деді ол.
Ақжар ауылының өзінде ғана жыл басынан бері жалпы ұзындығы 6,56 шақырымды құрайтын 10 ішкі көше жолына асфальт төселді. Аудан орталығындағы «Мектеп» шағын ауданының көшесіне, Құсанов, Желтоқсан, Қамысбаев, Әуезов, Төгісов, Уәлиев, Сейфуллин, Нұразханов, Торайғыров көшелеріне қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар Жетіарал мен Бозша ауылдарының кіреберіс жолындағы су өткізгіш көпірлер ағымдағы жөндеуден өткізілді.