
2025 жылғы 3 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Халықаралық мүгедектер күніне орай облыстық «Рухты теңдік» инклюзивті фестивалі өтеді. Іс-шара облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың, ШҚО мәдениет басқармасының қолдауымен, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың және облыстық филармонияның бірлесіп ұйымдастыруымен өткізіледі.
Бұл туралы «Шығыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана» КММ директоры Бекайым Уябаева ШҚО ӨКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады.
Фестивальдің мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар адамдардың шығармашылық әлеуетін дамыту, инклюзивті бастамаларды қолдау және қоғамда толерантты көзқарасты қалыптастыру. Қатысушылар құрамына Өскемен қаласы мен облыстың Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім, Үлкен Нарын аудандарынан келген шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар кіреді.
Барлығы 66 өтінім қабылданды: оның 39-ы – облыс орталығының тұрғындарынан, 27-і – аудандардан. Ең көп қатысушыны Тарбағатай ауданы (10 адам) және Шемонаиха ауданы (9 адам) ұсынды. Қалған өңірлер де өз талантты орындаушыларын және шеберлерін жіберіп, белсенділік танытты.
Фестиваль бірнеше номинацияны қамтиды:
• вокалдық және аспаптық орындау;
• авторлық шығармашылық (поэзия, ән, музыка);
• бейнелеу өнері;
• қолданбалы қолөнер.
Іс-шараның жүлде қоры 4,5 млн теңгені құрайды. Фестивальді дайындау мен қолдауға жергілікті билік өкілдері, кәсіподақтар, әлеуметтік бағыттағы ұйымдар, жоғары оқу орындары, өңір кәсіпорындары, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының қайраткерлері қатысып отыр. Осындай кең қолдау биылғы фестивальдің деңгейін едәуір көтеріп, ұйымдастыру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
20 қарашада арнайы кітапхана базасында тәуелсіз қазылар алқасының отырысы өтті. Мәдениет және білім беру мекемелерінің сарапшылары қатысушылардың жұмыстарын мұқият бағалап, сапасына, өзіндік ерекшелігіне және орындаушылық шеберлігіне ерекше назар аударды.
Жеңімпаздар анықталды, олардың есімдері 3 желтоқсан күні Гала-концертте жарияланады. Фестиваль күні аймақтағы креативті индустрияны қолдау мақсатында декоративті-қолданбалы өнер туындыларының көрме-жәрмеңкесі де өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Рухты теңдік» фестивалі — қатысушыларға өз таланттарын ашуға, ал қоғамға — инклюзивті әрі қолдаушы болуға мүмкіндік беретін маңызды жоба болып қалыптасып келеді.