
Шығыс Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымы «AQNİET» Қазақстандық салалық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының «Үздік бастауыш ұйым» атты республикалық байқауында үшінші орынды иеленді.
Елдің түкпір-түкпірінен келген 13 медициналық ұйым үздік атағын алу үшін бақ сынады.
Марапаттарды табыстау рәсімі Өскемен қаласында өтті. Байқау финалистерін Шығыс Қазақстан облыстық «AQNİET» салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Динара Салимбаева марапаттады.
Байқау қорытындысы бойынша орталық ұжымына ІІІ дәрежелі диплом және смарт-телевизор берілді.
Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының төрағасы Лаура Мысаханованың ерекше еңбегі арнайы атап өтілді. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Құрмет грамотасы, республикалық «AQNİET» салалық кәсіподақ төрағасы Бақытжан Тәжібайдың атынан Алғыс хат табысталды.
Орталықтың бас дәрігері Райфа Сафиоллинова жеңісті ұжымның үйлесімді әрі белсенді жұмысының нәтижесі деп бағалады. Оның айтуынша, мұндай байқауларға қатысу командалық рухты нығайтып, кәсіби ынтымақтастық пен әріптестік мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Мекеме ұжымы аталған марапат кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамытуға, жаңа бастамалар мен аймақтық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенім білдіреді.